Алматыда көші-қон үдерістерін тиімді басқару туралы аймақтық семинар-тренинг өтеді

Оны Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Бұл шараға Алматы қаласының көші-қон саясаты мен этносаралық және конфессияаралық қатынастар мәселесімен айналысушы мемлекеттік қызметшілері, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, қалалық және аудандық ішкі саясат басқармаларының басшылары, этномәдени, жастар және басқа да қоғамдық бірлестік жетекшілері, конфессиялар өкілдері, Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сарапшылық тобының, жоғары оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыспақ.

Сонымен қатар семинар-тренинг аясында 9 қараша күні «Ықпалдастық үдерістер контекстіндегі этносаясат және диаспоралық саясат» деп аталатын дөңгелек үстел жиыны өтеді. Онда көші-қон саясатын тиімді басқару, этносаясатты нығайту мәселесі жан-жақты сөз болмақ. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өкілдері, жетекші ғалымдар, сарапшылар, этномәдени, жастар және басқа да қоғамдық бірлестік жетекшілері, көші-қон, этносаралық және дінаралық қатынастар мәселесімен айналысатын мемлекеттік қызметшілер қатысады деп жоспарланып отыр.