Алматыда КТК тілшілері араласқан соң қос ауылға су берілді

Бөтелкемен су сатып ішу – бұл бүгінде жаңатұрмыстық әрбір тұрғынның тауқыметі. Құны қымбат болғасын таза су тек тамаққа пайдаланылады. Ауылдықтар үшін жуынып-шайыну да арзан емес. Ал кір ыдысты жинап барып бір тазалайды.

Ирина Жукова, Жаңатұрмыс ауылының тұрғын:

- Ыдысты көріп тұрсыздар. Кешеден бері жуылмады. Көрдіңіздермен, кранда да су жоқ. Қазандарым ішінде жатыр. Қашан тазалаймын енді құдай білсін. Су бір айдан бері жоқ.

Алматы іргесіндегі елді-мекеннің суға тәуелділігі жылда жазда басталады. Бұған дейінгі тәулігіне бір сағатқа қосылып, ел қажетінше ыдысын толтырып алатын. Биыл ол да жоқ. Есесіне, жоқ суға төленер ақы еселеніп келуін доғарар емес. Мәселен, биылғы тариф адам басына 161 теңге деп бекітіліпті.

Мира Төрегелдиева, Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны:

-2012 жылы 100 теңгеден болған су 2013 жылдан бастап, 130 теңгеге көтерілген. Енді міне сәуір айынан бастап, 161,44 теңгеден төлеп жатырмыз.

Елдің айтуынша, мұнда сусыз амбулатория, мектеп және балабақша да отыр екен. Бірақ дәрігерлер ауыз суға деген тапшылықты барынша жасырып бақты. Тілшілер келеді деген соң бүгін алдын ала қостырып та қойған екен.

Анвар Гадзиев, Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны:

- Неге суды теңдей бермейді. Тілшілер келгенін біреулер жеткізді де ауруханаға су бере қойды. Көрдіңіздер ме, елді аяу деген жоқ бұларда.

Ал Қарасай ауданы қол қусырып отырған біз жоқ дейді. Қаламен келісіп, құдық суын теңдей бөлу мәселесі көтеріліп жатыр екен. Себебі былтыр ауданның бірер ауылы Алматы балансына өткенде, су арансы да қатар кетіпті.

Бауыржан Айнабеков, «Таусамалы» МКК директоры:

- Судың біразы былтыр қалаға өткеннен бері біразы қала жаққа кетіп жатыр. Былтыр қаламен келіскен кезде олар құдық саламыз деген. Бірақ оны күтпей облысқа хат жібердік.

Жергілікті шенділер енді сол жақтан жауап күтіп отыр. Жаңа ұңғыма сатып алу мәселесін де дереу қарастырып жатырмыз деп сендірді аудан басшылары. 

Loading...