Мәдени шара сағат 16.00-де Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінің 70 жылдық мерейтойына орай Өнер және мәдениет факультетінің музыкалық аспаптар кафедрасының ұйымдастыруымен өткізіледі.
Концерт репертуарында қазақтың күйші-композиторларының, орыс және шетел композиторларының шығармалары орындалады. Көпшілік назарына оқытушылар мен студенттерден құралған халық аспаптары оркестрінің орындауында халық күйлері мен халық аспаптар оркестріне лайықталып өңделген классикалық шығармалар ұсынылмақ.
Сонымен қатар Д.Ботбаевтың «Бәйге» күйі, Н.Тілендиевтің «Махамбет», Дәулеткерейдің «Көрғұлы» күйлері, домбырашылар ансамблінің орындауында «Попурри», қобыз аспабында А.Вивальдидің «Концерт соль мажор» шығармалары орындалады. Баян аспабында С.Коняевтың «Концертная пъеса», Дрейзеннің вальс ырғағындағы «Березка» шығармасы, фортепианолық ансамбльмен А.Хачатурянның «Вальс» шығармасы орындалады.
Шараның негізгі мақсаты - қазақ ұлттық өнерін, соның ішінде ұлттық аспаптық музыкасын насихаттау. Бүгінгі таңда келешек ұрпақты әлемнің алтын қорына енген қазақтың күй өнеріне тәрбиелеп, өзінің ұлттық қазынасына құрмет сезімін ояту алдағы үлкен міндет болып отыр.