-Бұл Алматыда жаңадан салынған тұрғын үйдің су жаңа жеделсатысы. Негізі толығымен жұмыс істеп тұр. Алайда оны құрылыс компаниясының қызметкерлері ғана пайдалана алады. Ал осы үйдің негізгі тұрғындары сонау тоғызыншы қабатқа дейін мынадай баспалдақпен жаяу көтерілуге мәжбүр.
Бұл жеделсатының темір есігі қарапайым тұрғындарға келгенде тарс жабулы. Не үшін олай екенін ешкім білмейді. Бұл жерде ең қиыны Владимир Минеев секілді қарттардың хәлі болып тұр. 9-шы қабатта тұратын ол пәтеріне қалтырап баспалдақпен жетеді.
Владимир Минеев, Алматы қаласының тұрғыны:
-Жұмыс істеп-ақ тұрған лифт қой. Бірақ одан не пайда?! Тоғызыншы қабаттағы пәтеріме баспалдақпен көтерілуім керек. Оған шамам әрең жетеді. Өкпем өшіп, аяғым әбден талады. Осы пәтерді сатып аларда ақшасын төлесең болды, бәрі дайын деген. Ал, көрген күнім мынау.
Мәселеге түптеп үңілсек, қаладағы жеделсатылардың жағдайы қазір өзекті боп тұр. Себебі, бүгінде Алматыдағы 4 жарым мың жеделсатының 800-інің қызмет көрсету мерзімі өтіп кеткен. Ал жаңадан орнатылғандарының өзі апатты жағдайда. Бұл мәселенің шешімін іздеген жеделсаты орнатушы мамандар осы іске қатысты талапты күшейту керек дейді.
Максим Телицкий, «Алматылифт» компаниясы бас директорының орынбасары:
-Бұрын лифт орнату үшін компания мемлекеттен лицензия алуы керек болса, қазір ондай талап жоқ. Енді сол заңды қайтару керек. Әйтпесе, кез-келген компания лифт орната беретін болады. Ал олардың арасында сапалы да, сапасыз да істейдіндері бар.
Осылай деген алматылық лифт орнатушы ірі компаниялар енді Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне ұсыныс жасағалы отыр. Яғни, жеделсатымен айналысатын компаниялар мемлекеттен рұқсат қағаз алатындай заң қабылдау керек. Алматыдағы лифтілердің жағдайы онсыз оңалмайын деп тұр.
Loading...