Алматыда "Лизингтің Қазақстандағы дамуы" тақырыбында конференция өтеді

Шараны шағын бизнес департаменті ЮСАИД-тың Қазақстанда лизинг саласын дамыту жөніндегі (ЮСАИД/IFC) және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі (ЮСАИД/EDP) жобаларымен бірлесе ұйымдастырғалы отыр.

Бас қосу өндіріс саласымен шұғылданушы кәсіпкерлерге лизингтік компаниялардың қызметін тұтынудың артықшылықтарын насихаттау мақсатын көздейді. Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму стратегиясында негізгі қорды жаңалау және елімізде өндіріс секторын дамыту мақсаты қойылғаны белгілі. Шағын және орта бизнес саласында аталмыш міндетті жүзеге асырудың ең тиімді тетігі лизинг болып табылады.
Бас қосуға еліміздің жетекші лизингтік компаниялары қатысып, олар осы саладағы қызмет түрлері туралы, потенциалдық лизинг алушылар болып табылатын шағын және орта бизнес өкілдерінің, бизнес қауымдастықтардың, Қазақстанда лизинг саласын дамыту жөніндегі жоба өкілдерінің лизинг жөніндегі мәмілелерін қаржыландыру шарттары туралы ақпаратпен бөліседі.
Жобаны Халықаралық қаржы корпорациясы АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі Агенттігінің қаржылық қолдауы негізінде жүзеге асыруда.
Бүгінде елімізде 19 лизинг компаниясы жұмыс істейді. Олардың 8-і отандық коммерциялық банктердің салалық компаниялары болып табылады. Қазақстанда лизинг саласын дамыту жөніндегі жоба сарапшыларының бағалауынша, 2004-жылы елімізде лизингтік қызмет түрлерінің көлемі шамамен 170 млн. долларды құрайды. Соңғы уақыттарда заңнамаларға лизинг процедурасын жеңілдетуге, соның ішінде проценттік сыйақыларды анағұрлым төмендетуге, салық жеңілдіктері аясын кеңейтуге бағытталған өзгерістер енгізілді.