Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Алматыда жылдам рельсті көлік құрылысы қарқын алды. Биыл ақпан айында алматылық LRT жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі дайын болды. Ол қазір мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.
Ал сәуір айында LRT құрылысына дайындық жұмыстары басталып, Төле би көшесінде бұрынғы трамвай рельстері бөлшектеле бастады. Ал жиналған материалдар «Алматыэлектркөлік» ЖШС-ына беріледі.
Енді жаңа қоғамдық көлік түрінің құрылысымен айналысатын компаниялар белгілі болды. Алматы әкімінің Бейжің қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Қытайдың CRRC компаниясы және қазақстандық «Integra Construction KZ» ЖШС арасында LRT жобасын іске асыру және жылжымалы құрамды жеткізу жөніндегі меморандумға қол қойылды. Жобаға тапсырыс беруші - Алматы қаласының жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы.
Осы орайда Алматының көлік жүйесі үшін маңызды жобаны қолға алған қазақстандық компанияға тоқталып өтуді жөн көрдік. Компанияның ресми сайтында 1998 жылы «Integra Construction KZ» ЖШС-ның негізі қаланғаны көрсетілген. Негізгі жұмыс бағыттары темір жол құрылысы, автомобиль жолдарын реконструкциялау мен жөндеу, тұрғын үй құрылысы және басқа да бағыттар бар.
«Integra Construction KZ» ЖШС-ның бенефициарлық меншік иесі - Мүтәліп Шахмұрат. Ол 2024 жылдан бері Қазақстан бокс федерациясының президенті, 2025 жылдан бастап ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президенті қызметін атқарып келеді.
Мемлекеттік кірістер департаменті ұсынған деректерге сүйенсек, компания 2025 жылы 22,7 млрд теңге салық төлеген. Ал 2026 жылдың есептік кезеңі бойынша 16,4 млрд теңге салық төлеп үлгерген. Қазіргі уақытта аталған компания жүзеге асырып жатқан ірі жобалардың бірі - «Мойынты-Қызылжар» теміржол желісінің құрылысы. Сондай-ақ 2025 жылы қазан айында «Бағанашыл» балалар үйі бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізу міндеттемесін «Integra Construction KZ» ЖШС өз мойнына алған болатын.
LRT құрылысына қанша қаражат бөлінді
Өткен аптада Алматыда қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Жиын барысында қаланың қоғамдық көлік жүйесін дамытуға бөлінген қаражаты нақтыланды. Оның ішінде LRT құрылысына қажет сома аталды.
- Қоғамдық көлік жүйесіндегі негізгі жобалардың бірі - LRT құрылысы. Оны іске асыруға 61,4 млрд теңге көзделіп отыр. Ұзындығы 18,3 км болатын LRT жобасының бірінші кезеңі 2027 жылдың желтоқсанында аяқталады, - деді Алматы қаласы Экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов.
Еске салайық, Алматыда LRT депосы Фариза Оңғарсынова, Мөңке би және Бауыржан Момышұлы көшелерінің аралығында орналасады. Деподан бастау алған жылдам рельсті көлік желісі Момышұлы көшесімен оңтүстік бағытта Төле би көшесіне дейін, сосын Төле би көшесімен шығыс бағытта Абылай хан даңғылына дейін жүреді. Осы учаскеден маршрут солтүстікке қарай бұрылып, Абылай хан даңғылымен Алматы-2 теміржол вокзалына дейін жалғасады.
Қазіргі уақытта LRT құрылысы үшін Жетісу, Алмалы, Әуезов және Алатау аудандарының аумағында орналасқан 270 жер телімін мемлекет мұқтажына алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.