«Мен бірнеше рет шетелдегі қайырымдылық шараларына қатыстым. Енді өз елімде болатын осыған ұқсас ұсыныстан бас тарта алмадым. Бір жағынан мұндай шаралар Қазақстанның меценаттар тобының құрылуы мен кеңеюіне ықпалын тигізеді. Олар қайырымдылық шараларынан бастап классикалық музыканы қолдауға дейін барады деген үміттемін», - дейді Марат Бисенғалиев. Әлемдік музыка жұлдызы оған өз отбасының мүшелерін де қатыстырғалы отыр. Жиендері Әмір мен Ғалияның осындай маңызды, пайдалы әрі қайырымдылық шарасынан сырт қалмайтыны өзін де қатты қуантып отыр. Өйткені бұл концерт Қызылорда облыстық перинаталды орталығының жан сақтау бөлімшесіне 19 миллион 357 мың 200 теңге жинауға арналған. Оған 3 СИПАП тыныс алу аппараты, 3 жан сақтау үстелшесі, шприцтік және инфузиялық мөлшерлегіш, медициналық таразы, электрсорғыштар мен рентген аппаратын сатып алу жоспарлануда.