Жақында аспалы жол сынақтан өткен болатын. Оған Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов арнайы қатысты.
Медеудегі базалық стансыдан Шымбұлақ тау курортындағы аспалы жолдың биік нүктесіне сырғымалы кабинамен 20 минуттың ішінде жетуге болады. Оның жалпы ұзындығы - 4,5 км. Бұл әлемдегі екінші осындай жол болып табылады. Аспалы жол бойымен 114 кабина әрі-бері қатынайтын болады, олардың әрқайсысының сыйымдылығы - 8 жолаушыға есептелген.
Сынақтан өткізу барысында қала әкімі Ахметжан Есімов аспалы жолдың Медеу мен Шымбұлақты байланыстыратындығын және қала экологиясына оң ықпал етіп, жеңіл және басқа да көліктердің қозғалысын шектейтіндігін атап өтті.
Мұнда демалушылар үшін жерүсті және жерасты паркингтері жұмыс істейтін болады. Олардың көлік сыйымдылығы - 150 және 850 көлік орны.
Қала әкімі Шымбұлақтағы ескі аспалы жолдарды ауыстыратын екі аспалы жол құрылысының барысымен де танысты. Ол Талғар асуында салынып жатыр.