Алматыда "Мемлекеттік тіл - достықтың дәнекері" фестивалі өтіп жатыр

"Бұл университеттің "Қазақ тілі" қоғамы мен "Мемлекеттік және шет тілдер кафедрасының" жыл сайын өтетін дәстүрлі шарасы. Байқау түрінде 2005 жылдан бері өтіп келе жатқан фестивальдің басты мақсаты - қазақтың тілін достықтың дәнекеріне айналдыру және ортамызда жүрген өзге ұлт пен ұлыс өкілдерін мемлекеттік тілді үйренуге ынталандыру", дейді Алматы технологиылық университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Қалтай Сейітұлы. Тарихшы ғалымның айтуынша, білім мен тәрбие - егіз ұғым. Оларды бір-бірінен бөліп жаруға болмайды. Жалпы қазіргі таңда Алматы технология университетінде 50-ден астам өзге ұлыс өкілдерінің 1,5 мың студенті блім алып жатыр. Фестивальға экономика; тағам өндірісі; жеңіл өнеркәсіп пен дизайн; инженерлік және ақпараттық технология факультеттері мен университет жанындағы технология және экономика колледжінен 5 команда қатысуда.

"Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге арналған кез-келген шараны ұйымдастыру кезінде оның тәрбиелік мәнін естен шығармау керек. Мәселен "Мемлекеттік тіл - достықтың дәнекері" фестивалінде мақал-мәтел мен салт-дәстүр сайысы бар. Мысалы қазір етті бесбармақ дейтіндер арамызда аз емес. Еттен жасалатын тағамның түрі көп. Олардың әрбірінің өз атауы бар. Мұны жастарға түсіндіруде осындай байқаулардың маңызы ерекше", дейді Қ.Сейітұлы.