Алматыда мерзімсіз аштық жариялаушылардан екі адам ауыр жағдайда

Алдымен М. Қалиев есінен танып қалған. Аштық жариялаушылар жедел жәрдем тобын шақырған. Біраздан кейін С. Пактың да жағдайы нашарлап, ол есінен танып, құрысып қалған.

Ал қазіргі жағдаймен іштерінде әлгі М. Қалиев пен С. Пак та бар аштық жариялаушы бір топ адам әкімдікке келді. Олар әкіммен, немесе, оның орынбасарларымен жолықпақшы.

Оларға әкімдік қызметкері Ринат Құрманғазин шығып келіп, әлгілерді сейсенбіге әкімнің орынбасары Виктор Долженковтың қабылдауына тіркеп қоятынын жеткізді.

"Біз сейсенбіге дейін шыдамаймыз, әлдекім өлімге душар болуы мүмкін", дейді аштық жариялаушылар.

Қала тұрғындары 16 мамырдан бері 20 -шы күн аштық жариялауда, олар әкімдіктің олардың меншігін тәркілеп алу жөніндегі қаулысының күшін жоюды талап етуде. Аштық жариялаушылар "Алматыжер" ҚКК-ын сот және құқық қорғау органдары тарапынан үлкен қысымшылық жасау әрекетін ұйымдастырды деп айыптауда.