Алматыда қоғамдық тамақтандыру орындарының басшыларынан жүйелі түрде пара алып келген Алмалы аудандық ІІБ Миграциялық полиция басшысының сыйбайласы тағайындалған 45 млн теңге айыппұлды өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі сотталушы А.Гордиюк сот үкімімен тағайындалған 45 млн теңге айыппұлды толғымен өтегенін хабарлады. Еске сала кетейік, 2017 жылдың маусым айында Алмалы аудандық ІІБ миграциялық полиция басшысы Т.Арғынбековке қатысты сот үкімі шыққан болатын. Ол Алмалы аудандық ІІБ-нің миграциялық полиция бөлімінің басшысы болып тұрғанында сыбайласы М.Хан және А.Гордиюкпен сөз байласа отырып, қаладағы бірқатар қоғамдық тамақтандыру орындарының басшыларынан жүйелі түрде пара алып келген. Тамақтандыру орындарында заңсыз жұмыс істеген мигранттарға «пана» болуға уәде берген. Сот үкімімен Т.Арғынбеков ҚР ҚК 361-бабы 2-бөлігі, 366-бабының 3-бөлігі 2,4 тармағымен кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 8 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылған. Сонымен қатар, сот оған мемлекеттік және құқық қорғау органдарында өмір бойы жұмыс істеу құқығынан айыру жазасын тағайындаған болатын. Ал оның сыбайласы, сот үкімімен М.Хан ҚР ҚК 28-бабы 5-бөлігі, 366-бабының 3-бөлігі 2,4 тармағымен кінәлі деп танылып, мүлкі тәркілене отырып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ұйымдасқан қылмыстық топта маңызды рөл атқарған әрі тұрақты түрде Арғынбековке пара беріп келген кәсіпкер А.Гордиюк ҚР ҚК 367-бабы 2-бөлігі (пара берген) бойынша кінәлі деп танылып, оған параның отыз еселенген сомасы мөлшерінде 45 000 000 теңге айыппұл өтеу жазасы тағайындалды. «Сотталушы А.Гордиюк мемлекет пайдасына 45 000 000 теңге айыппұлды төлеп, сотқа түбіртегін өткізді», - деді аталған соттың баспасөз қызметінен.