Алматыда мүгедектерді сауықтыру проблемасына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді

Конференцияға ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсова, денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев, бірқатар министрліктердің, мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері, әр деңгейдегі әлеуметтік-медициналық сараптама қызметінің басшылары, интернаттардың директорлары қатысады.

Конференцияда мүгедектерді сауықтыру проблемасына және әлеуметтік-медициналық сараптама қызметінің жұмысына қатысты тауқыметтерді кең көлемді талқылау көзделіп отыр. Атап айтсақ, онда әлеуметтік-медициналық сараптама қызметінің ғылыми негіздемелі жаңа үлгісін жобалау және оны қолданысқа енгізу, мүгедектерді халықаралық тәжірибенің негізінде сауықтыру туралы талқыланбақ. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне көшуге байланысты мүгедектер мәртебесі мен әлеуметтік-медициналық сараптама қызметінің жұмысын реттейтін құқықтық-нормативтік актілерге өзгертулер енгізу мәселесі де назардан тыс қалмайды. Мүгедектерге үйде немесе интернат мекемелерінде қызмет көрсетудің жаңа мемлекеттік стандарттарының жобасын жасау, мүгедектерді қоғамға әлеуметтік тұрғыда интеграциялауға септігін тигізетін реабилитациялық құралдар мен қызметтерге деген мүгедектер сұранысын атаулы түрде қамтамасыз ету жүйесін құру мәселелері талқыланады.
ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2003-жылдың 1-шілдесіндегі жағдаймен еліміздегі барлық категориялы мүгедектер саны 409,5 мың адамды құрады. Олардың әрбір үшіншісі еңбек жасындағы адамдар. Соңғы жылдарда алғаш рет мүгедектікті рәсімдеу көрсеткіші тұрақты деңгейде сақталумен бірге балалар арасындағы мүгедектік көрсеткішінің артауы алаңдаушылық тудыруда. "Мұндай жағдай халықтың осы бөлігінің тұрмыс сапасын арттыруға , оларды әлеуметтік қорғауға және сауықтыруға бағытталған жедел шаралар қолдануды талап етеді " ,- дейді еңбек министрлігіндегілер.