Алматыда Мұхит Мерәліұлының 170 жылдығына арналған ән кеші өтеді

Шараны «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірігіп өткізеді. «Дәстүрлі музыканы сағынушыларды Мұхит әндерімен қауыштырып, оның мұраларын жас ұрпаққа насихаттауды мақсат тұтып отырмыз»,- дейді бұған дейін Біржан сал, Ақан сері шығармашылығынан ән кештерін ұйымдастырған «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің жетекшісі Арман Әубәкір.

Ән кешіне батыс өңірінен Қатимолла Бердіғалиев, Сағадат Рахметжанов сынды Мұхит әндерін насихаттаушы өнер саңлақтары арнайы шақырылған. Сонымен қатар кешке Жоламан Құжиманов, Сәуле Жанпейісова, Рамазан Стамғазиев, Айгүл Қосанова, Еркін Шүкіманов, Ырысты Сүлейменова, Мархабат Мықтыбеков, Еркін Нұрханов, Ерлан Рысқали және тағы басқа да өнер жұлдыздары қатысады.