Алматыда Олжас Сүлейменовтың 75 жылдығына арналған әдеби кеш өтті

Кешке Олжас Сүлейменовтің өзі қатысты. Кештің ашылу салтанатында оқу орнының басшысы мен ұстаздар және студенттер қауымы мерейтой иесін келе жатқан туған күнімен құттықтап, ұзақ өмір, мол шығармашылық табыстар тіледі.

Шара Олжас Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық оқу және тәрбие институтының орыс тілі кафедрасының ұйымдастыруымен өткізілді. Қазақстанға ғана емес, шетелдерге, бір сөзбен айтқанда бүкіл әлемге әйгілі тұлға жайындағы театрландырылған көріністерге оның шығармаларының алтын арқауы негіз етіп алынған. Ақын өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін бұл қойылым университет студенттерінің күшімен дайындалды. Қойылым барысында мұрағат суреттері мен деректі фильмнен кадрлер де көрсетілді. Көпшілік назарына ұсынылған қойылым көрерменнің ғана емес, Олжас Сүлейменовтің көңілінен де шықты. Көзіне жас алған мерейтой иесі: «Менің көз алдымнан барлық өмірім тізбектеліп өткендей болды. Керемет қойылым. Бүгін ғана 75-ке келгенімді сезініп отырмын. Үлкен қуаныш пен керемет күн сыйлағандарыңызға алғыс айтамын!», - деді.

Кеште сонымен бірге мемлекет және қоғам қайраткерінің шығармашылығына жан-жақты талдау жасалынып, өлеңдері оқылды.

«Біз ақынмен жыл сайын әр түрлі тақырыпта кездесулер ұйымдастырып тұрамыз. Биыл Олжас Сүлейменовтің студенттермен 5-ші кездесуі. Шараға ақынның өзі келді, мұның өзін мерейтой иесінің аграрлық университет пен студенттеріне деген құрметі мен ілтипаты деп түсінеміз», - деп атап өтті Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов.

Оның айтуынша, ақынның мерейтойы аясында ҚазҰАУ-де дөңгелек үстелдер, ардагерлер арасында волейболдан халықаралық жарыстар ұйымдастырылған. «Айта кетерлігім, Олжас Сүлейменов осы ардагерлер командасының капитаны болып табылады», - деді оқу орнының басшысы.

Ректор шара барысында Олжас Сүлейменов атымен аталатын әлеуметтік-гуманитарлық оқу және тәрбие институтының жұмыс барысымен таныстырды. «Мұндағы барлық кафедралар бүгінгі уақыттың талабына сай заманауи мамандарды қалыптастыру бойынша үлкен тәрбиелік жұмыстарын жүргізуде. Институтта 7 ғылым докторы мен профессорлар, 20-дан астам ғылым кандидаттары қызмет жасайды. Олар 9 жастар орталығын басқарады. Жылдан жылға бұл орталықтардың саны артып келеді. Институт «ХХ ғасыр адамы» атымен аталғандықтан ол бізге көп міндеттерді жүктейді. Жыл сайын біздің ордамызда «Олжас оқулары» өтіп тұрады. Онда студенттер бес тілде - қазақ, орыс, ағылшын, неміс және француз тілдерінде Олжас Сүлейменовтің өлеңдері мен шығармашылығынан үзінділер оқиды», - деді ол.