Алматыда онкологиялық науқастарды емдеудің жаңа әдісімен 20 адам емделіп шықты

Бұл туралы қалалық Онкологиялық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Нұрлан Балтаев мәлім етті.

«Алматы Онкологиялық орталығында қатерлі ісікті емдеудің замануи технологиясын енгізіп отырмыз. Өткен жылы сәулемен емдеуді мобильді күшейткіш аппаратын сатып алдық. Мұндай заманауи технология ТМД елдерінде жоқ. Аталған технология науқасты емдеу күндерін қысқартып, нәтижесін жақсартады. Оны сүт безі қатерлі ісігі интраоперациялық ота жасау кезінде қолдандық. Қазір 20 шақты адам емделіп шықты», - деді Нұрлан Балтаев.

Сонымен қатар оның айтуынша, қазіргі таңда әлемде жақсы нәтиже беріп отырған лапроскопиялық емдеу әдісі де Алматыда сәтті жүзеге асырылып келеді.

«Қазір көптеген азаматтар лапроскопиялық ем алу үшін шетелге қашады. Сол үшін қыруар қаржысын құртады. Негізінен лапроскопиялық емдеу әдісі біздің орталықта да тегін жүзеге асырылады. Қазір жаңа әдіс 30 шақты адамды емдеуде өз тиімділігін көрсетті», - деді Н.Балтаев.


Маманның айтуынша, қазіргі таңда тіркелетін науқастардың санының артуы ерте сатыда анықтаудың нәтижесі болып отыр.

«2014 жылы қуық асты безінің қатерлі ісігі Алматыда 7-8-ші орында тұратын. Қазір 2-ші орынға шықты. Бұл көрсеткіштің бірден көтерілуінің себебі - скринингтік тексерулердің арқасында ауруды ерте анықтай бастадық», - деді ол.