Үш айға созылған тренинг шарасының барысында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген 20 шекарашы иісшіл иттерді пайдалану және мал дәрігерлік тактикаға машықтанды. Шара барысында кинолог мамандар иісшіл иттерді асырау, өсіру және оларды есірткі іздеуге машықтандыру әдістерін меңгерді. Дәріс сондай-ақ инструкторларды дайындау, Орталық Азия елдерінің кинолог мамандары арасындағы аймақтық ынтымақтастықты нығайту мақсатын көздеді.
Кинологтарды әзірлеу шарасын ҚР ҰҚК шекара қызметінің орталық питомнигінің, ҚР Кеден қызметі аймақтық кинологиялық орталығы мен ҚР ІІМ кинологиялық орталығының таңдаулы мамандары жүргізді. Сонымен бірге Австрияның қызметші иттерді өсіруші жетекші кинологиялық мектептердің халықаралық мамандары тәжірибеліәк сабақтар өткізді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Тренингті Орталық Азия елдерінде есірткінің таралуына жол бермеу және шекараны басқару ісін жетілдіруге қолұшын беру бағдарламасы аясында Еуропалық Одақ қаржыландырды. Бағдарламада аймақтағы шекара қызметтеріне басқару жүйесін модернизациялауға ықпал жасау, тренингтер өткізу, пилотты аймақтарда модельдік шекаралық бақылау үрдісін енгізу, шекараны басқаруға қатысты инстуционалдық және құқықтық негіздер бойынша ақыл-кеңестер беру қарастырылған.