Алматыда Орталық Азияда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған Трансазиялық парламенттік форум басталды

Бұдан бұрын да хабарланғанындай, форумға дүниежүзінің 36 елінен 100-ден астам парламент депутаттары , Еуропа Кеңесі парламенттік ассамблеясының мүшелері, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының институттары өкілдері мен Еуропа және Азияның 50-ге жуық парламенттік ұйымдарының өкілдері , ЕурАзЭС пен НАТО өкілдері қатысады.

Форумға қатысушы басты тұлғалардың қатарында ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Брюс Джордж, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Ян Кубиш, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы ресми өкілі Фикрет Акчуралар бар.
Форум отырыстарында Орталық Азия аймағындағы терроризммен және экстремизммен күрес, Орталық Азия және Еуропа елдерінің қауіпсіздікті нығайту бағытындағы өзара ынтымақтастық перспективасы, кедейлікті азайту, экономикалық мәселелер топтамасы, адам құқығы мәселесі, Орталық Азия аймағындағы демократияландыру барысы, қоршаған ортаны қорғау проблемасы мен БАҚ мәселесі сарапқа салынады деп күтілуде.
Форум 8-маусым , жексенбіде аяқталады.