В. Крыловтың айтуынша, кездесуге Әйтеке би мен Барибаев көшелерінің қиылысында орналасқан №12 үй тұрғындарының арыз-шағымы түрткі болған. Арыз бойынша олар құрылыс компаниясын әдейі өрт қойған деп кінәләп, жағдайдың ақ-қарасын айыруды өтінген. В. Крылов: "ғимараттың шатыры бойынша мәселелерді шешіп қойдық. Шатыр алдағы 1,5 - 2 аптаның ішінде қалпына келтіріледі және жоқ дегенде жауын-шашын мәселесі туындамайды", - деді.
Аудан әкімі сонымен қатар, құрылыс компаниясымен алдын-ала жұмыстар жүргізілгендігін және ол қазіргі күні №12 үйдің барлық тұрғындарына дайын жаңа пәтерлерді бөлуге әзір екендігін мәлімдеді. В. Крылов тұрғындарға "Ақсай" ықшамауданына барып, сол жерде ұсынылып отырған пәтерлерді көруге шақырды. Алайда тұрғындар әкімнің ұсынысын бірауыздан қабылдамады.
"Тұрғындардың түгелге жуығы "Ақсайға" барудан баяғыда-ақ бас тартқан. Мен бұл жерде шатырды бір жарым - екі аптадан кейін бітіреміз деп тұрып, кенет бәрімізді ұйымдасқан түрде "Ақсайға" әкеткісі келіп тұрған әкімді түсіне алар емеспін. Бізде мұнда 1,7 га жеріміз бар және оны неліктен біз біреулерге сыйға тартуымыз керек. Біз бұл жерде тұрып жатырмыз және ешкім ешқайда кетпейді", - деді Ризада Жақыпбекова. Тұрғындардың айтуынша, олар құрылыс компаниясынан Алматы қаласының нақ осы ауданынан соған тең келетін пәтер алғылары келеді және ақшалай өтемақыдан бас тартып отыр.
Құрылыс компаниясының өкілі кездесу аяқталар кезде келіп, тілшілермен және тұрғындармен сөйлесуден бас тартты. "Пәтерлерді көруге барған кезде мен барлығын айтамын және сұхбат беремін", - деді "Alan realty" директоры Гүлмира Нәбиева. Сонымен қатар, тұрғындармен әкімшілік өкілдерінің кездесуі кезінде тілшілерге белгілі бір ақыға "Alan realty" ЖШС туралы жақсы ақпарат айтуға ұсыныс білдіріп құрылыс компаниясының өкілдері келді.
Екі қабатты үйде өрт сәуірдің 28-нен 29-на қараған түні болған. Оқиға куәгерлерінің сөзіне сүйенсек үйдің шатыры бір мезетте екі - үш жерінен тұтанған. Нәтижесінде 300 шаршы метр аумақты алып жатқан үйдің шатыры түгел жанып кеткен, бірнеше пәтер қатты зардап шеккен. Тұрғындардың айтуынша, бұл әдейі қойылған өрт. Олар "Alan realty" ЖШС құрылыс компаниясына кінә тағады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті