Алматыда өткен тәулікте жол апатынан екі адам қаза тауып, 10 адам жараланды

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 10 желтоқсанда 01 сағат 17 минутта Бостандық ауданында "БМВ" және "Фольксваген" автокөліктері соқтығысты. Жол апаты салдарынан "Фольксваген" көлігінің жүргізушісі жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. "БМВ" жүргізушісі ауруханаға жеткізу барысында қайтыс болды.

Сонымен бірге, 9 желтоқсанда Алматының Жетісу ауданында "Ауди" көлігінің жүргізушісі көлігін тосқауылға соқты. Апат салдарынан жүргізуші мен 4 жолаушы, соның ішінде бір жас бала зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді.

Сондай-ақ, 9 желтоқсанда Түркісіб ауданында 19 сағат 50 минутта "Ниссан" көлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кетті. 18 жасар қыз жарақат салдарынан жедел жәрдем көлігі келгенше қайтыс болды.

9 желтоқсанда Алматының Әуезов ауданында екі көліктің соқтығысуы салдарынан 4 адам жарақаттанып, облыстық ауруханаға жеткізілді.