"Полицияға өзін таныстырмайтын, кеуде белгісі жоқ және адамдардан ақша бопсалайтын инспекторлар көшелерде жұмыс істеп жүр деген шұғыл ақпарат келіп түсті", - деп хабарлады Жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Александр Васильев.
Атап айтқанда, жол-көлік оқиғасын рәсімдеумен айналысып жатқан Алматы қалалық ІІД Жол полициясы басқармасының қызметкерлері жол ережесін бұзған "Лексус" автокөлігінің жүргізушісін байқап қалған. Көлік тізгінінде полиция формасындағы ер адам отырған. Полиция қызметкерлері "әріптесінен" қызметтік куәлік пен кеуде белгісін көрсетуді сұраған.
"Тұтқындалған ер адамның жол полициясына ешқандай да қатысы жоқ екені анықталды. Қазіргі уақытта біздің қызметкерлер жол полициясы қызметкерінің формасын тұтқындалған адам қайдан алғанын және оның қанша уақыт осылай жұмыс істегенін анықтап жатыр. Сондай-ақ, оның іс-әрекетінен қанша адам зардап шеккені анықталу үстінде", - деді А. Васильев.
Әзірге, полицияға тек "Лексус" көлігінің иесінен ғана шағым түскен. Ол құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне тұтқындалған жалған полицей әкімшілік протокол толтырудың орнына бір мың теңге талап еткенін жеткізген. Жалған полицейге қатысты арнайы шенді заңсыз иелену оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Барлық көлік жүргізушілеріне мынаны айтқым келеді. Егер де сізді кеуде белгісі жоқ инспектор тоқтатса қызметтік куәлігін талап етіңіздер. Ал құжатты көрсетпесе, сол арада жол полициясының басқармасына немесе 02-ге хабарласуын сұраймыз", - деп толықтырды А. Васильев.