Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы журналист Гүлмира Әбіқайдың инстаграм желісінде жариялаған жазбасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Педофил Алматыда жүр. Көшеде алдынан шыққан кішкентай қыздарды аймалап қолынан сүйреп, келіншектерді жұмсақ жерден шымшып өзін еркін ұстайды. “Шаңырақтың” тұрғындары естері шығып, өре түрегеліп күдіктіні өздері ұстады. 102 шақырып, полицияға көрген-білгенін айтты, арыз жазды. Алайда, бүгін шағым иелері “арыз қараусыз қалдырылды” деген жауап алады. Сонда, мынадай малғұндар міндетті түрде кішкентай қыздарға тисіп, зорлап, өлтіріп кеткенде ғана іс қозғала ма? Егер, адамы көп көше , тапа-тал түс болмағанда тура солай болар еді" - дейді Гүлмира Әбіқай.
Журналист оқырманынан келген хатты да қоса көрсеткен. Онда Шаңырақ-2 шағын ауданының тұрғыны екі қызына педофилдің тиіскендігі жазылған.
"Кенже қызым қорқып қашып кеткенде, есік алдында тұрған үлкен қызымды құшақтап қолынан жібермей қойған. Кіші қызым үйге жүгіріп келіп бізге айтқанда сыртқа шығып таппай қалғанбыз. Көшеде іздеп жүргенде мына ПЕДОФИЛ жолдан өтіп тағы бір келіншектің артқы жағын ұстап, шымшып қолынан ұстап алған сол келіншек "сен кімсің?" деп шошып турғанда бір аға келіп мынаны шалқасынан түсірді. Сөйтіп біз бул малғұнды ұстап тұрғанда 102-ге хабарласып, шақырып арыз жаздық меңің қыздарым және келіншек бәріміз РОВД-ға бардық. Енді бүгін 1414-тен смс келіп тұр. Кешегі арыз бойынша іс қараусыз қалдырылды деп. Нестесем болады? Сонда міндетті түрде қыздарым зорлану керекпа еді?" - дейді.