Әлемдегі ең үлкен лағманды көруге келген жұртта есеп жоқ. Ал оны дайындауға көмекшілерін қоспағанның өзінде кәсіби 40 аспаз таңғы сағат 7-ден бастап білек сыбана кіріскен.
Александр Трегубенко, Қазақстан бас аспаздар қауымдастығының президенті :
-250 келі ұн мен 300 жұмыртқа қамырын дайындауға кетті. Ал толық лағман пісіру үшін қосымша 120 келі ет пен ондаған келі көкөніс пайдаланылуда. 500 келі деп тапсырыс бергенбіз, бірақ меніңше, одан да көп болатын сияқты.
Аспаздардың үміті ақталды. Ашық аспан астында 6 сағат дайындалған лағманның салмағы рекордтық көрсеткішке лайық деп танылды.
Бенжамин Бекхаус, «Гиннес» рекордтар кітабы» халықаралық ұйымының төрешісі:
-Гиннес кітабында рекордтың мұндай түрі бұрын болмаған. Бұл – жаңадан тіркеліп отырған көрсеткіш. Дайындау барысында санитарлық нормалар сақталды. Ал тағамның салмағы біз бекіткен межеден әлдеқайда асып түсті.
Ұзындығы шамамен 50 шақырымға жететін қамыр созбасынан дайындалған дәмді лағман дереу жиылған жұртқа үлестіріле бастады. Ал осы рекордтық тағамнан дәм татқысы келетіндер өте көп.
-Таңсәріден басталған қызу дайындық осылайша берекелі аяқталды. Әлемдік рекорд орнату үшін тағамның салмағы 500 келіні құрау керек болса, біздің лағман 687 келіге жетіп отыр. Осылайша достық көңілмен дайындалған тайқазан толы лағман әп-сәтте желініп бітті.
Loading...