Алматыда полицейлер өртке оранған үйден балаларды құтқарды (ФОТО)

Әкімшілік полиция басқармасы арнайы батальонының экипажы Матросов көшесінің бойындағы үйден шыққан қою түтінді көріп, бірден көмекке ұмтылған.

Көршілерден үйде адам барын естіп, олар бірден ішке кіріп кеткен.

«Олар бірінші келді. Үйде кім барын сұрады. Қарт әже үйден шығып үлгерді. Түпкі бөлмеде балалары бар еді. Полицейлер үстеріне су құйып жіберіп, үйге кіріп кетті. Сөйтіп, екі адамды алып шықты. Олар болмаса, ешкім отқа кірмес еді», - деді көршісі.

«Бір сәт күтіп тұратын уақытымыз болған жоқ. Әже үйде немерелері қалғанын айтып жылап тұрды. Біз екі әріптесім екеуміз үйге кіріп кеттік. Үшінші полицей сырттағы адамдардың қауіпсіздігін бақылап тұрды. Қас пен көздің арасында жылдам әрекет ету керек болды. Балаларды аман алып шықтық», - деді әкімшілік полиция басқармасының арнайы батальонының инспекторы Елдос Досанов.


Тілсіз жау сол арада қоңсы қонған үш үйді жалмап үлгерді. Қазір өрттің шығу себептері анықталып жатыр.