Алматыда қайғылы қаза тапқан "Хабар" агенттігінің бас директоры Жанар Әбділдинаны ақтық сапарға шығарып салу шарасы өтуде

"Хабар" агенттігінің бұрынғы бас директорымен қоштасу рәсіміне достары мен әріптестері, республикалық және қалалық БАҚ-тардың жетекшілері, танымал адамдар келді. Атап айтсақ, ҚР Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, ҚазМҰУ-нің профессоры Сағынбай Қозыбаев, Қазақстандағы ҚХР елшісі Чжоу Сяопей, әнші Нұрлан Абдуллин сынды танымал адамдар келді.

Әріптестерінің айтуынша, үлкен ұжымды басқарған Жанар үшін жұмыста ұсақ-түйек деген әсте болған емес. Ол өзіне де, өзгелерге де қатаң талап қоятын, әділетті әрі жоғарғы парасат иесі болған.
Жанар Әбділдина 1969-жылдың 3-мамырында Алматыда туған.
Ж.Әбділдина Алматы сәулет-құрылыс институты мен ҚР президентінің жанындағы Ұлттық мемлекеттік жоғарғы басқару мектебін бітірген. 1996-жылы ҚР мемлекеттік мүлік комитетінде жұмысқа жолданды. 1999-жылдан бері Қаржы полициясы мекемелерінде қызмет атқарды.
Ж.Әбділдина 2002-жылдың шілде айынан бері "Еуразия + ОРТ" ЖАҚ-ның әкімшілік мәселелері жөніндегі директоры, 2002-жылдың қазан айынан бері "Еуразия + ОРТ" ЖАҚ бас директорының орынбасары болды.
Ж.Әбділдина 2004-жылдың ақпан айынан бері "Хабар" агенттігінің бас директоры және "Хабар" агенттігі" АҚ басқармаларының төрағасы қызметін атқарды.
KZ-today ақпараттық агенттігі Жанар Әбділдинаның жақындары мен туыс-туғандарына қайғырып көңіл айтады.