Алматыда «Қайрат» футбол клубының балалар академиясы ашылды


           Қала әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, футбол құрамасының бұрынғы базасынан ашылған академияда 8 бен 13 жас аралығындағы балалар тәлім алады.
           «Біз балаларды кішкентай күнінен спортқа баулу мақсатында Каблуков көшесіндегі танымал базамызды қалпына келтіріп, іске қосып отырмыз. Мақсатымыз алдағы уақытта әлемдік ареналарға шығу. Бұған біздің қаламыздың мүмкіндігі жетеді және осы мақсатқа жетеміз деп ойлаймын», - деп академияның ашылу салтанатында қала әкімі Ахметжан Есімов мәлім етті.
           Мәлімдемеге сүйенсек, ашық есік күндері клубта балаларға арнап селекциялық тексеру өтеді. Тексеру нәтижесі бойынша балаларды академияға іріктеу жүргізіледі.
           2 гектардан астам аумақты алып жатқан нысанда үш ойын алаңы орналасқан. Сонымен қатар, онда қысқы манеж бен себезгі бөлмелері, оқу залдары, екі медициналық қосын, гимнастика және жаттығу залдары бар.