3 мың орындық Республика сарайы халыққа лық толды. Биыл тұңғыш рет сарайдың фойесіне де екі жаққа қаратып, бірнеше жүз орындық қойылып, Led экрандар орнатылды.
Өзінің алғашқы есептік баяндамасында қала әкімі 2015 жылдың оңай болмағандығын, бірақ әлемдік қаржы дағдарысының қала дамуында жаңа мүмкіндіктер ашуға түрткі болғандығын айтты.
«Алматы - қашанда отанымыздың экономикасының ұйытқысы әрі локомотиві, еліміздің рухани ордасы, оның білімі мен ғылымының, мәдениеті мен спортының орталығы. Бірден-бір туристік бренді болып табылады. Әлемдік қаржы дағдарысының теріс әсеріне қарамастан, қаламыз 2015 жылы қорытындысы бойынша өзінің даму қарқынын сақтап қалып, әлеуметтік-экономикалық оң көрсеткіштерге қол жеткізді. Мемлекеттік бюджетке түсетін барлық салықтық және салықтық емес түсімдердің 27 пайызын қамтамасыз ете отырып, қаламыз ел қазынасына 1,36 трлн. теңге қаржы аударды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Бүгінде Алматы еліміздің Жалпы ішкі өнімінің бестен бір бөлігін береді. Жалпы өңірлік өнімінің мөлшері алғаш рет 8,9 трлн. теңгеге жетіп, 3 пайызға артты. Соңғы 5 жылда қала бюджеті 1,5 есеге өсіп, 486 млрд. теңгені құрады», - деді Б. Байбек.
Айта кетелік, Алматы қаласының 2015 жылғы әлеуметітк-экономикалық дамуы қорытындылары мынадай серпінді көрсеткіштерді көрсетті:
2015 жылы өнеркәсіп өнімдері өндірісінің көлемі 646,3 млрд. теңгені құрап, 0,2 пайызға өсті. Бөлшек тауар айналымының көлемі 1 754,0 млрд. теңгені құрап, 1,9 пайызға, ал көтерме тауар айналымы 7 782,1 млрд. Теңгені құрап, 3,8 пайызға өсті.
Сондай-ақ, 2015 жылы Алматыда 1 373,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өсім 3,2 пайызды көрсетті. Ал шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өткен жылы 4,7 пайызға өсіп, 185 150 бірлікті құрады.