Алматыда қала мәдениетін дамыту жөніндегі кеңес құрылады

Ахметжан Есімов мұндай бірлестік құру идеясына қолдау білдірді, сонымен қатар Елбасы көтеріп отырған үш тілділік: қазақ, орыс және ағылшын тілін жетік меңгеру болашақта жас ұрпақтың мәдени деңгейінің өлшемі болатындығын айтты.

Қала әкімі зиялы қауым өкілдерінің назарын Алматы мен жалпы республика мәдениетін одан әрі дамыту қажеттігіне аударды. Алматы қаласында жаңа жетінші ауданның құрылуының маңыздылығына тоқталды, бұл жерде жаңа мәдени ошақтарының салынатындығын айтты. Оның пікірінше, мәдени орындар тек қала орталығында ғана емес, адамдар жиі орналасқан шет аймақтарда да болғаны жөн.

"Қызмет бабымен мен әлемнің талай жерлерін араладым, ал Алматыдай құдайдың өзі сыйлаған керемет жерді кездестірген емеспін. Алматы қашан да Қазақстан Республикасының мәдени орталығы болып қала бермек. Жыл сайын өсіп - өніп келеміз, сондықтан да алматылықтарға рухани нәр алу үшін кітапханалар, театрлар, мәдениет сарайлары, концерт залдары өте қажет, ал ірі мегаполис картасында жаңа ауданның пайда болуы, сөз жоқ, қаланың экономикалық және рухани дамуына жаңа серпін беретін болады",-деді Ахметжан Есімов.

Кездесуге қатысушылар қала әкімінің атына ізгі ниеттерін білдірді, шығармашылық кәсіпті таңдаған жас қауымның әлеуметтік мәселелерін шешуге жете көңіл бөлінсе деген ойларын да жеткізді.