Алматыда қаңтар оқиғасынан зардап шеккен көлік иелеріне 258 миллион теңге төленді

Алматы әкімдігі қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен көлік иелеріне 258 млн теңге төледі, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Қала аудандарының әкімдіктеріне көлік иелерінен шығынды өтеу туралы 99 өтініш түскен. Оның ішінде жалпы сомасы 258 млн теңгеге 54 өтініш қанағаттандырылды. Өтініштердің басым бөлігі Алмалы ауданына қатысты, барлығы 33 өтініш қарастырылды.

"Сонымен қатар аудан әкімдіктері бүлінген және өртенген көліктер бойынша тағы 45 өтінішті (Бостандық ауданы – 40, Медеу ауданы – 5) қарауда. Биыл 15 мамырға дейін олар бойынша төлем жасау жоспарлануда. Қосымша өтініштер түскендіктен, жұмыс жүргізілуде. Алматы қаласының аудан әкімдіктерімен бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады", – деді Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Өтініштерді аудан әкімдіктері келіп түскен күннен бастап бір ай ішінде қарайды. Мүліктік залалды бағалау өтініш тіркелген күннен бастап бір апта ішінде тағайындалады және оны жәбірленуші таңдаған тәуелсіз сарапшылар жүргізеді. Бағалау шығындары аудан әкімдіктері ұсынатын мемлекеттік органдарға жүктеледі.