Алматының қақ ортасындағы аулалар автокөлікке толып кеткен. Ол жерден енді не жедел жәрдем, не өрт сөндіру машиналары өте алмайды, деп жазады «КАРАВАН» газеті.
Жергілікті тұрғындар бұған, әрине, наразы. Тіпті көлік иелерін дөңгелегіңді тесеміз деп қорқытады екен.
Ал Республика алаңының екі жағындағы осы аптада пайдалануға берілген ақылы автотұрақтар бос тұр десе болады. Өйткені олар өте қымбат. Сондықтан қазір бұл маңайдағы офистерде (телеарналардың, радиолардың, «КАРАВАН» газетінің редакциялары, туристік фирмалар, медицина орталығы, банк және басқалар) жұмыс істейтін адамдар үшін көлігін дұрыс жерге қою бас ауруға айналған.
Республика алаңындағы ақылы автотұрақтар осылай бірнеше күнннен бері бос тұр
«Ақылы автотұрақ өте қымбат. Біз жұмыста сағат 9-дан 19:00-20:00-ге дейін боламыз. Сондықтан мен айына шамамен паркоматқа 22-23 мың теңге салуым керек. Әрі көлігім үшін салық та төлеп отырмын. Сонда ол ақша қайда кетіп жатыр? Енді машинамды Байсейітова, Фурманов, Желтоқсан көшелері маңындағы аулаларға дұрыстап қою үшін жұмысқа екі сағат бұрын келуге тура келеді» дейді офис қызметкері Светлана.