Флеш-мобтың авторы - Даниэль Данлади Т.Жүргенов академиясының студенті. Қазақ өнеріне құмартқанымен қоймай, қазақ тіліне де судай ағып тұр.
Отандық телеарналардың бірінде қазақтың ұлттық өнері туралы көрсетілген бағдарлама жастардың үлкен қызығушылығын тудырған. Оны көрген соң африкандық жастар «Афрожорға» тобын құрып, қазақ билерін билеуге ынта танытқан. Бұл топ қазақтың тойлары мен түрлі мәдени шараларға белсене қатысып жүр.
«Қазір батыстың түрлі би үлгілері сәнге айналып кетті ғой. Дегенмен, өзіміздің төл мәдениетімізге жетпейді. Біздің тобымыздың мүшелерінің бәрі африкандықтар. Сол арқылы біз қазақ халқының ұлттық өнерінің сұлулығын көрсеткіміз келеді», - деді Д.Данлади.
«Афро-жорға» тобында бес африкандық өнер көрсетеді. Олардың екеуі - ганалық, екеуі - Мали мен Нигериядан келген. Топ жетекшісі Даниэль Алматыда туып-өскен.
Жастар Алматының ЖОО-ларында, атап айтқанда, КМЭБИ, Спорт және туризм Академиясында оқиды.