Борышкерлер бүгін де банк алдына жиналды. Тек бұл жолы қара жамылған да, ештеңені өртеген де жоқ. Қыруар несие алып, енді оны қайтара алмай жүргендер қала әкімінің орынбасарымен, қаржыгерлермен кездесті.
Ерлан Әукенов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:
-Осы мекемеге қатысы бар борышкерлермен жеке-жеке сөйлесіп, мәселені қарастырамыз. Шешімін табу үшін оның түрлі жолдарын ұсынбақпыз. Қазірдің өзінде борышкерлер мәселесіне қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Осылайша, Әукенов пен банк басшылығы борышкерлерді жеке-жеке қабылдаған. Бірақ кездесу нәтижесі наразы топтың бәрінің бірдей көңілінен шықпаған сыңайлы.
Сұлубике Жақсылықова, «Халықты баспанамен қамтиық» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
- Біз ойдағыдай жауаптарымызды алдық. Бірақ қазір басқа қоғамның адамдарын әкім орынбасары мен банк төрағасының орынбасары орынбасары қабылдап жатыр. Олар шықты да айтты негізгі қарыздан шегерім болмайды деп айтты деді. Ал бізге айтқан сөзі басқаша.
Қарызы басынан асқандар қайта қаржыландыру бағдарламасына қарсы. Яғни, олар әркімнің әлеуметтік жағдайына қарап негізгі қарыздарынан шегерім жасалса дейді. Алайда, 9 жылдан бері жалғасып келе жатқан жағдайға тағы да нүкте қойылмады. Банк басшылығы мәселенің алдағы уақытта қарастырылатынын ғана мәлімдеді. Ал бұған көнбеген борышкерлер далаға шығып ескі әдеттеріне басты.
Әкім орынбасарының қабылдауын місе тұтпаған олар дегеніне жетпей қоймайтынын тағы айтты. Сондықтан араға апта салып қайтадан наразылық акциясын ұйымдастырмақ.
Loading...