Алматыда қасиетті Құранды қорлаған қыз бен жігіт ұсталды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-қа сілтеме жасап хабарлайды.

23 жастағы қыз мұсылман жамағатының ашуын туғызған әдепсіз әрекетін видеоға түсірген соң,  өзінің әлеуметтік парақшасына да жүктеген. Кадр сыртындағы жігіт қызбен бірге құранды қорлап, әзілдескен. 

"Тексеру іс-шаралары барысында түсірілімнің қатысушылары анықталды. Біреуі бұрын Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған 1998 жылы туған Т. есімді азаматша, сондай-ақ1996 жылы туған Л. есімді азамат. Олардың әрекеттері ҚР ӘҚбК-нің 490-бабы 2-бөлімі (Сенушілердің сезімін қорлау) бойынша квалификацияланған. Өндірістік материал шешім қабылдау үшін қалалық Дін істері басқармасына жіберіледі", – деді Алматы қалалық ПД Экстремизмге қарсы күрес басқармасының басшысы Мәулен Қасымжан.

Әлеуметтік желіде жүргізілген мониторинг кезінде әшкере болған келіншек халықтан кешірім сұрады. 


"Кішігірім отырыс болды, біз алкогольдік ішімдік іштік. Нәтижесінде ішімдікке мас күйімде ойланбай әрекет жасадым. Қасиетті Құран кітабын қолыма алып, парақшама видео түсірдім. Мен өз кінәмді білемін. Бүкіл жамағаттан, әсіресе мұсылмандардан кешірім сұрағым келеді. Мен сіздердің діндеріңізді қатты құрметтеймін. Бұл енді ешқашан қайталанбайды. Шын жүректен кешірім сұраймын", – деді, Т. есімді азаматша.