Қалалық мәдениет басқармасының Тарихи-мәдени мұра, музей-кітапхана бөлімінің бастығы Ләззат Сағындықованың айтуынша, қазіргі кезде шаһарда 146 нысан тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесін алып, мемлекеттің қорғауына алынған. Басқармада «Тарихи-мәдени мұра» бөлімі «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2006 жылы құрылған болатын.
«Қазіргі таңда Мәдениет басқармасы тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімін ретке келтіріп, ескерткіштерді есепке алу, төлқұжаттандыру бойынша жұмыстарды толығымен аяқтады. Енді ескерткіштердің меншік иелері және пайдаланушыларымен «ескерткіштерді қорғау міндеттемесін» рәсімдеу және ескерткіштерге қорғау тақтайшасын ілу жұмыстары аяқталу үстінде. Сондай-ақ тарихи-мәдени мұра нысандарының қорғау аймақтары, құрылыс салуды реттеу аймақтары анықталып, оны жергілікті өкілді органның бекітуіне ұсынылады. Олар Алматы қаласының тарих және мәдениет ескерткіштері мен жаңадан анықталған нысандардың орналасуы тіркелетін тарихи-сәулет тірек жоспарына және карта-сызбасына енгізілетін болады», - дейді Л. Құдайбергенқызы.
Оның айтуынша, биыл Алатау ауданына қарасты 430 гектар жерді қамтып жатқан Боралдай сақ қорғандары орналасқан аймақта үлкен этномәдениет орталығы мен туристік инфрақұрылым қалыптастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ республикалық маңызы бар ескерткіштер - 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы Даңқ мемориалы мен Ы.Дүкенұлы атындағы халық аспаптар мұражайы қайта жөндеуден өтеді. Бұған дейін Д.Қонаевтың, Ә.Қастеевтің, Ә.Марғұланның мүсіндік өнер ескерткіштерінде жөндеу жұмыстары жүгізілді.