Онда черлидинг мектептері, спорт командаларын қолдау топтары, би ұжымдары, dance студиялары, фитнес клубтар мен жоғары оқу орындарының өкілдері - CHEER, CHEER DANCE, CHEER DANCE SHOW аталымдары бойынша өзара сайысқа түседі. Бұл жарысты Қазақстан черлидинг федерациясы мен ҚР Спортты дамыту қоры бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Өткен ғасырда АҚШ-та дүниеге келген спорттың бұл түрінен Қазақстандағы алғашқы фестиваль 2006 жылы Қарағандыда өткен болатын. 2007 жылы 4 сәуірде Қазақстан черлидинг федерациясы ресми түрде тіркелді. Ал 27 шілдеде Халықаралық және Азиялық черлидинг федерацияларына мүше боп кірді. Қазіргі таңда черлидинг Астана, Орал, Павлодар, Қарағанды, Өскемен, Талдықорған, Талғар, Теміртау, Ақтөбе, Шымкент және Алматы қалаларында қарқынды түрде дамып келе жатыр. Мәселен, Алматыда онымен айналысатын 64 команда бар.