Алматыда Қазақстан және Ресей сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті

Кездесуде 22-қазанда Алматыда өтетін Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымына мүше елдердің министрлерінің бас қосуына дайындық барысы талқыланды.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бұл бас қосуға Ауғанстан, Әзербайжан, Египет, Үндістан, Израиль, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Палестина, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан тәрізді 16 мемлекеттің сыртқы істер министрлері қатысады.
Бұл жолғы отырыста Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымының жарғылық құжаттары - кеңеске қатысушылар арасында сенім орнатудың басты қадамдарын қамтитын өзара сенім шараларының каталогы мен процедуралардың ережесі (Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымының регламенті) қабылданады.
Бұған қоса кездесуге қатысушылар қорытынды декларация қабылдап, онда халықаралық лаңкестікпен күрес мәселелері мен Таяу шығыс, Ирак және Ауғанстан тәрізді аймақтық өзекті проблемалар бойынша тараптардың ұстанымын жария етеді.