Форумға еліміздегі жалпыұлттық ірі БАҚ-тардың басшылары, аймақтық БАҚ-тардың бас редакторлары, танымал журналистер, еліміздің танымал қоғам және саяси қайраткерлері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады.
Бас қосуда "БАҚ туралы заң төңірегіндегі ахуал" мен "БАҚ-тар мен журналистер құқығын бұзу деректері" жайында талқыланады.
Мәселен алғашқы отырыстың күн тәртібіне "Қазақстандық БАҚ-тарға қатысты ахуал", "Қазақстан журналистерінің конгрессі дайындаған заң жобасы", "БАҚ туралы заңға қатысты ҚР мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің бастамалары", "Мемлекеттік мекемелер мен БАҚ-тар арасындағы қарым-қатынас", "Мемлекеттік тіл және БАҚ" тәрізді мәселелер енгізілген.
Ал екінші отырыста "Ақпараттық дау-дамайларды шешуге арналған сот тәжірибесі", "Журналистер құқығын бұзуға қатысты статистика", "Меншік иесі мен шығармашылық ұжым арасындағы қарым-қатынас", "Сот прецедентіне қатысты түсініктеме, мемлекеттік сатып алу және аккредитация мәселелері", "Қазақстандағы БАҚ рыногының даму перспективасы" сынды мәселелер сарапқа салынады.