Бюджеті 2 млн. евроны құрап, Еуропалық Одақтан қаржыландырылатын бұл жоба 2001-жылдың шілде айынан жүзеге асырыла бастаған. Ол 2003-жылдың қазан айында аяқталады. Жобаны ҚР энергетика және минералды ресурстар министрлігі, ҚР қоршаған ортаны қорғау министрлігі, "ҚазақМұнайГаз ҰК" ЖАҚ мен "Ақтау мұнайгаз" Ғылыми-зерттеу жобалық институты ынтымақтаса жүзеге асыруда.
Хабарламада атап көрсетілгеніндей, аталмыш жоба мұнайгаз өнеркәсібінің баса назар аударуды талап ететін салаларын дамытуға айтарлықтай үлес қосты. Атап айтсақ, Каспий теңізінің Қазақстандық секторындағы мұнай операцияларының қоршаған ортаға әсерін ең төменгі мөлшерге дейін азайтуға және олардың халықаралық заңдар мен озық тәжірибеге сәйкестігіне кепілдікті қамтамасыз етуге бағытталған; Қазақстандағы жердің бетімен тартылған мұнай құбырларын пайдаланудың экологиялық аспектілері мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған ; шикі мұнай мен өнім сапасын сертификаттауда еліміздің барлық мұнай өндірушілерінің қолы жететіндей халықаралық аккредитацияланған жүйе қалыптастыруға қызмет ететін жобалар жүзеге асырылды.
Қоршаған ортаны қорғау және өндірістің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған Ұлттық заңдар мен Еуропалық Одақ заңдарына салыстырмалы талдау жасау негізінде қоршаған ортаны қорғау жөніндегі заңдар мен теңізден мұнай және газ өндіру операцияларын жүзеге асыруда және жер үстіндегі құбырларды пайдалануда қолданылатын стандарттарға енгізілетін өзгертулер туралы нұсқау берілді.
Сондай-ақ, жоба аясында Ақтауда мұнайға зерттеу жасайтын пилоттық зертханаға халықаралық аккредитация алуға ықпал жасалды.
Жоба - Еуропалық Одақтың Тасис бағдарламасының Қазақстанға арналған құрамдас бөлігі болып табылады. Аталмыш бағдарлама бойынша 1991-жылдан бері жалпы құны 134,6 млн. евроны құрайтын техникалық жәрдем көрсетілді.