Алматыда Қазақстандағы витраж өнерінің алғашқы көлемді көрмесі ашылады

Аталмыш шараның ұйымдастырушысы - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының, Алматы қаласы әкімдігінің, жастар саясатын дамыту Қорының қолдауымен, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы.

Көрмеге «Домовой» (Ұста ауласы), «Алкион», «Шыны қиял», «Этно-мұра», «Art Glass», «Stounhead», «Sat Glass» сынды витражды өрнектеу, мозаика жасау, тиффани, фьюзинг және тағы да басқа шыны материалдарына күрделі композиция жасаумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестер, сонымен қатар, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетін және Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы студенттері қатысуда.

«Мұндай шара студенттеріміздің өнерін көрсетуге мүмкіндік туғызып қана қоймай, жастардың шығармашылық ізденістерін шабыттандыруға ықпал етеді. Бұл көрмені көрген жұртшылықтың өнердің осы ағымына деген қызығушылықтары одан әрі арта түседі деп сенемін»,-деді Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының кескіндеме және мүсін факультетінің деканы, доцент Бауыржан Байділдә.

Аталмыш оқу орынның доценті Төлеген Сүлейменовтың айтуынша, витраж өнерінің даму процесі бүгінде түрлі технологиялық өзгерістерге ұшыраған. «Витраж монументалды өнердің бірден-бір жарқын көрінісі болып табылады. Бұл интерьердің бір элементі ғана емес, өз алдына дербес көркемөнер шығармасы. Соңғы уақыттарға дейін, витраж ісі шеберлерінің дайындық базасы болмағандықтан витраж өнерден алшақтап, еленбей келді. Қазіргі таңда Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА цехында фьюзинг, тиффани, фриволит, лак құю техникаларын игерген мамандарды дайындап шығуға мүмкіндік ашылды. Мұнда алғаш рет 2008-2009 оқу жылдарында витраж шеберханасы ашылды. Бүгінде осы факультетте 50-ден аса студент білім алуда. Олардың көпшілігі әр түрлі байқаулардың жеңімпаздары. Қазіргі уақытта факультет 2-3 жеке компаниялармен байланыс орнатты. Біз оларға материалдық мүмкіндігі бар базамыз жоқ болғандықтан, тек эскизімізді ғана ұсынудамыз. Алдағы уақытта осы мәселе шешілсе жақсы болар еді. Біз де өзіміз жасай аламыз, талантты жастарымыз көп, оны жасау оңай. Тіпті, қазірден ұсынатын тақырыптарымыз, ойларымыз, эскиздеріміз бар», -деді ол.