Алматыда Қазақстандық және Польшалық кәсіпкерлердің қатысуымен бизнес-форум өткізілді

Польша өкілдері бұл сапары барысында екі ел арасындағы сауда-саттықты дамыту, құрылыс және техникалық құрал-жабдықтар саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатын көздейді.

Кездесуде Қазақстан жағы польшалық кәсіпкерлердің бірқатар ұсыныстарына қызығушылық танытты. Соның ішінде қыс маусымында жолдарды жөндеуге арналған битумды эмульсиялар өндіретін бірлескен кәсіпорын құру туралы жобаны атауға болады.
Әкімшіліктің мәліметі бойынша, Алматыда Қазақстан мен Польша бірлескен 24 кәсіпорын тіркелген, олардың 15-і жұмыс істеп тұр. Таза Польшалық 14 кәсіпорын тіркелген, олардың 10-ы жұмыс істейді.
Қазақстан мен Польша арасындағы тауар айналымы 2004-жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында 98,6 млн. долларды құрады, оның ішінде экспорт 49,2 млн. долларды, импорт 49,5 млн. долларды құрайды. Қазақстаннан экспортталатын негізгі тауарлар арасында мұнай және мұнай өнімдері, бейорганикалық химия өнімдері мен металлдар бар. Гданьск теңіз айлағы Каспий аймағынан көмірсутегін транзитті тасымалдау үшін пайдаланылады. Польша Қазақстанға электротехникалық жабдықтар, органикалық және бейорганикалық химия өнімдері, металл түрлері, тоқыма бұйымдар, қағаз, жиҺаз және басқа да тауарлар шығарады.