АҚШ денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау департаментінің Орталық Азиядағы ауру-сырқаулардың алдын алу және бақылау жөніндегі орталығының бағдарлама директоры Майкл Фаворовтың айтуынша, семинар мақсаты - соңғы екі айда Қарағанды, Павлодар , Батыс және Оңтүстік Қазақстан түрмелерінде жүргізілген бірінші сатылы мониторигтің қорытындысын талқылау болып табылады.
Бұл жоба АҚШ денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау департаментінің Орталық Азиядағы ауру-сырқаулардың алдын алу және бақылау жөніндегі орталығының техникалық, сондай-ақ, АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі (USAID) Агенттігінің қаржылық қолдауы негізінде жүзеге асырылуда.
М.Фаворовтың айтуынша, соңғы жылдары ВИЧ індетінің таралу ауқымы кеңейе түскен. Індеттің республика көлеміндегі таралу деңгейін анықтау үшін қатерлі топқа жататын нашақорлар мен жезөкшелерді тексеруден өткізу қажет.
"Мұндай зерттеулер жүргізу үшін кешенді шараларды жүзеге асыру керек. Біз адамдардың барлығынан бұйрық жүзінде сынама алып тексеру жасай алмаймыз. Сондықтан бұл зерттеулер аясына тек жұқпалы аурулармен айналысушы кәсіби дәрігерлер ғана емес, сондай-ақ, психология мамандары да жұмылдырылды",- дейді Майкл Фаворов.
Аталмыш жобаның нәтижесінде тек мониторинг жүргізіліп қана қоймай, Қазақстанның пенитенциарлық жүйесіндегі дәрігерлер мен қызметкерлерді ВИЧ індетін танып, анықтай білуге оқыту шарасы да жүзеге асырылмақшы.