Алматыда қоғамдық көлік үшін тағы бір арнайы жолақ ашылды

Бұл туралы қалалық Автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ғани Мырзаханов баспасөз брифингі барысында мəлім етті.

"Солтүстік айналма жолы көшесімен "Адем" сауда үйінен Бөкейханов көшесіне дейінгі аралықта автобустарға арналған арнайы жолақ ашылды. Жол аса биік емес бордюрмен қоршалған. Қажет кезде қоғамдық көліктер қозғалыс жолағын өзгерте алады",- деді Ғ.Мырзаханов.

Оның айтуынша, қазір жол бойында бақылау камералары орнатылып жатыр.


Естеріңізге сала кетейік, автобустарға арналған жеке жолақ 15 маусымда Абай көшесінде жұмысқа кірісті. Жаңа бастаманы қала тұрғындары оң қабылдады. Олардың айтуынша, автобустар жүру уақытының алшақтығы қысқарып, қатынайтын рейстер саны артты.

Осы уақытқа дейін 100-ден астам жеңіл көлік жүргізушісіне ереже бұзғаны үшін хаттама толтырылып үлгерді.