Алматыда қоғамдық көлікте жаңадан енгізілген «Оңай» терминалын қасақана сындырып кеткен

Бұл туралы бүгін «Алматы қ. көлік Холдингі» ЖШС баспасөз қызметінен хабарлады.

Бұл оқиға №13-ші бағытта жүретін, «Киікбай» ЖШС-ға тиесілі автобустың салонында 1-ші қараша күні болған. Осыған байланысты «Көлік картасы» ЖШС қызметкерлері акт толтырып, оған «CVB24 master жүйесі механикалық сипатта бүлінген, ал LCD дисплей сыныдырылған. Қондырғы енді іске жарамсыз», - деп жазылды.

«Электронды билет жүйесінің жұмысына қажетті жабдықтың сақталуына тасымалдаушылар жауап береді. Осы мақсатта материалдық жауапкершілік жөніндегі келісімшартқа қоса, қабылдау-тапсыру актісі толтырылған. Қазір оқиғаның себептері анықталып жатыр»,  - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне берген түсініктемесінде «Алматы қ. көлік Холдингі» ЖШС қызметкері Эльмира Киргеева.

Айта кетелік, CVB24 master, яғни «Оңай» терминалының бағасы - 232 873,49 теңге, ал монтаждау бағасы  - 51 544,13 теңге тұрады.


Айта кеткен жөн, бүгінгі таңда Алматы қаласының бүкіл жерүсті қоғамдық көліктері электронды билет беру жүйесімен жасақталған.