Алматыда құлаған көпірдің астында қалып мерт болған азаматтың туыстары елден көмек сұрады

Иманқұловтар әулетінде қазір құлаққа ұрған танадай тыныштық. Өткен айда ғана олар отағасының 60 жылдық мерейтойын атап өткен. 

- Әлі есімді жия алар емеспін...

Ұлбике Баймұрзаева күйеу баласының енді қайтып келмейтініне сенгісі жоқ. Кейуана оны құрылыстан үнемі ыстық шайымен күтіп алатын.

Ұлбике Баймұрзаева, Т.Иманқұловтың енесі:

-Алтын бала еді... Елдің бәріне сондай кішіпейіл, адамгершілігі де, шаруақоры да. Бір адам ол туралы жаман айтпайды. Мені «мамка» дейтұғын. Жұмысынан келе салып, жүгіріп келетін. «Мамка, не істейін, не істейін? Бірдеңе істейін ба?» деп...

Туыстарының айтуынша, Тоқтасын Иманқұлов бригада басшысы болмаған. Қарапайым құрылысшылармен қатар ауыр жұмысты атқарып жүріпті. Жасы 60-ты алқымдаса да, отбасының жалғыз асыраушысы бетон көтеріп, тасты да тасыған.             

-Ауыр болсын, жеңіл болсын бәріне көніп, ыстығына да, суығына да. Бір жолдасын, ешкімді де алдамайтын. Жалғыз күйеу балам еді, маңдайыма сыймай кетті... 


Марқұмның артында әйелі мен екі қызы қалды. Тұңғышы Айжан ғылыми қызметкер, кенжесі – әлі студент. Иманқұловтың өзі жастайынан жетім өскен екен.   

-Не істейді? Тірі адам тіршілігін істейді...

Қайғырып көңіл айтушылар көп. Тек олардың арасында өз әріптестері жоқ. Компания басшыларынан әлі ешкім төбе көрсетпепті. Ал болған оқиғаны тек жазатайым оқиға деп қысқа түсіндірген. Жантүршіктірер апат өткен жұмада Рысқұлов және Саин көшелерінің қиылысында болған. Енді салына бастаған көпір жұмысшылардың үстіне құлап, 1 адам қаза тапты. Зардап шеккен 21жұмысшының 11-і әлі ауруханада жатыр.

Күні кеше ғана көпірді салып жатқан компанияға қатысты кісі өлімі бойынша да қылмыстық іс қозғалды делінген. Тек арада тәулік өтпей жатып оның мағынасы өзгеріп шыға келді. Енді құрылыс мекемесі қауіпсіздік ережесін сақтамағаны және Еңбек қауіпсіздігін бұзғаны үшін ғана жауап беретін болып шешіліпті. Ал көпір астында қалып, көз жұмған Тоқтасын Иманқұлов туралы бір ауыз сөз жоқ.

Loading...