ҚР Ішкі істер органдарының құрылғанына 20 жыл толуына орай өткізіліп жатқан бұл жарысқа құқық қорғау органдары мен күш құрылымдары қатысуда.
«Елдің тыныштығы мен тәртібін сақтау үшін сіздердің атқарып отырған еңбектеріңіз орасан. Тәуелсіз еліміздің тұрақтылығын сақтау үшін сіздер әрдайым спортпен шұғылданып, жат пиғылдардан елімізді қорғау үшін сақадай сай болуларыңыз керек. Міне, осы тұрғыда «Динамо» ДШСҚ әрқашанда спортты насихаттау жұмыстарымен айналысып, түрлі чемпионаттарды ұйымдастырып келеді. Бүгінгі чемпионат та сіздерді одан ары шыңдай түседі деген ойдамыз», - деді жарыстың ашылу рәсімінде «Динамо» стадионының директоры Борис Чехлыстов.
30 наурызға дейін жалғасатын дүбірлі додаға ҚР ҰҚК Шекара қызметінің «Шығыс» аймақтық басқармасы, Алматы қаласы ІІД, Республикалық гвардия, Ішкі әскер, ІІМ Академиясы, ҰҚК Шекара Академиясы, ІІМ оқу орталығы, «Сұңқар» арнайы жасақ командаларының мүшелері қатысуда. 8 командадағы 64 спортшының сайысына халықаралық дәрежедегі төреші Михаил Щипетюк бастаған қазылар алқасы төрелік етуде.