Бұл туралы Алматы қ. Орталық мешітінің наиб имамы Нұрмұхамед Иминов мәлімдеді.
Оның айтуынша бұл шара өткен жылы да ұйымдастырылған. Алайда биыл оған бірқатар өзгерістер енгізіліп отыр.
«Бұл шараның басты мақсаты - құрбандық шалып, оны мұқтаж жандарға таратуға ниет білдірген мұсылмандарға көмек көрсету. Өйткені, құрбан айт күндері осы бір діни рәсімді жасау үшін адамдар Орталық мешітте кезекке тұрып қалатын кездері болады. Сондықтан, Орталық мешіт жанындағы «Ықылас» қайырымдылық қоғамдастығының еріктілері бұл рәсімді өз жауапкершіліктеріне алады. Биылғы шара Алматы маңындағы Гүлдала елді-мекенінде өткізілетін болды» - деді наиб имам.
Енді, Алланың ризашылығы үшін құрбандық шалуға ниет білдіргендер Орталық мешіт жанындағы «Ықылас» қайырымдылық қоғамдастығына тиісті соманы енгізсе болғаны, Орталық мешіттің имамдары құрбандық шалу, дұға оқу жағын өз жауапкершіліктеріне алса, қоғамдастың еріктілері етті мұқтаж жандарға таратады.
Бұл жерде акцияға қатысушылар мал союға өздері қатысып, қаласа етті өздері таратады», - деді наиб имам, - Ал егер қандай да бір себептермен бұл рәсімді жасауға мүмкіндіктері болмаса, онда олардың атынан барлық қажетті рәсімдер жасалынады».
Сондай-ақ, қатысушылар құрбандыққа шалынған малдың етін қаласа, толық немесе қажетті бөлігін ғана таратуға құқылы.
Ақша аударған адам міндетті түрде azan.kz@inbox.ru электронды поштасына хабарласып, өзінің аты-жөнін және байланыс нөмірлерін қалдыруы керек.
Ақша бүгіннен бастап қабылданады.
Келіп түскен қаржы мен шығындар және құрбандыққа шалынған малдардың еттерін мұқтаж жандарға жеткізу бойынша қорытынды есеп azan.kz сайтында жарияланады.