Алматыда қуыршақтар театрларының «Ортеке» ІІ халықаралық фестивалі өтеді

«Қуыршақтар театрларының фестивалі кәсіби қуыршақ өнерін насихаттау мақсатында өткізіледі. Фестивальдің міндеттері – халықаралық байланыстарды нығайту, отандық қуыршақ өнерінің дамуына ықпал ету, актерлардың кәсіби және орындаушылық деңгейін арттыру», - делінген сәрсенбі күні таратылған ақпаратта.

Фестивальға Түркия, Тәжікстан, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан елдерінің қуыршақтар театрлары қатысады. Фестивальдік спектакльдер Ғ. Мүсірепов ат. Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында көрсетіледі.

Кәсіби мамандардан тұратын халықаралық қазылар алқасы келесі номинациялар бойынша жеңімпаздарды анықтайды: «Үздік спектакль»; «Үздік режиссерлық жұмыс»; «Үздік актерлық жұмыс»; «Суретшінің үздік жұмысы»; «Ұлттық драматургияны табысты игергені үшін»; «Спектакльдің үздік музыкалық көркемделуі үшін»; «Фестиваль жаңалығы».