Алматыда қымбат көліктерді тонаумен айналысқан тараздық жас жігіт ұсталды


Медеу аудандық Ішкі істер басқармасының бастығы Бақыт Қасабековтың айтуынша, ол көлік есіктерін ашуға ыңғайлы темір құрылғылармен қаруланып, көше бойында қаңтарылып тұрған қымбат көліктердің есігін бұзып, бағалы заттарды тонауды кәсіпке айналдырып алған көрінеді. Өз жұмысын тал түсте-ақ көрікті кеңселердің маңында жүзеге асырып жүрген арнайы дабылқаққышы жоқ «Крайслер» көлігінің терезесін сындырып, одан спорттық дорба мен 20 мың теңгені олжалайды. Одан кейін Достық даңғылымен Төле би даңғылына жеткенше жол-жөнекей тағы да екі көліктен 3 ұялы телефон мен 185 мың теңгені қолды етеді. Алайда тапқан табысын азсынған ол Қонаев көшесінде орналасқан сауда үйінің маңын торуылдап жүріп қолға түсті. Оны осы маңайдағы қоғамдық қауіпсіздікті қадағалап жүрген тәртіп сақшылары әшкереледі. Күдіктіні тінту барысында табылған ұялы телефондар мен ақшалай заттар айғақ зат ретінде тәркіленді. Қазіргі таңда ол тергеу абақтысына тоғытылып, үстінен өзгенің мүлкін ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.