Алматыда қырғыз киносының күндері басталды

Шара Қазақстан мен Қырғызстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған. Ұйымдастырушы - Қазақстан кинематографистер одағы. Шара аясында соңғы жылдары түсірілген қырғыз кинолары көрсетіліп, қырғыз киносының қайраткерлерімен кездесулер өткізіледі. Сондай-ақ қырғыз киносының майталмандары Жүргенов атындағы өнер академиясы мен Кино және телевидение академиясының студенттеріне шеберлік сыныптарын өткізбек. Көрермен қауым қырғыз киносын бүгіннен бастап 8 қазанға дейін 18. 00-ден бастап Кино үйінен көре алады.

Бүгінгі ашылу салтанаты былтыр Евразия фестивалінің бас жүлдесін алған Ақтан Арын Қуаттың «Свет аке» фильмінің көрсетілімімен басталды. Қырғызстан кинематографистер одағының төрағасы Садық Шернияздың айтуынша, олар қазақ көрермені үшін 2 қысқа метражды, 2 деректі фильм алып келген. «Бұлардың әрқайсысы 30-40 фестивальға қатысып 10-15-тен жүлдегер болған фильмдер», - дейді Қырғызстан кинематографистер одағының төрағасы.