Қытайда қарақұрым қазақтың алты аласы бес бересі жоқ, амалдың жоқтығынан шекара асып саусақпен санарлық тәулікке сапарлап келмек. Алайда қоржындарын буып-түйген жұрттың көрші ел бас консулдығының алдында виза күтіп жатқанына талай тәулік болған. Жетіскеннен жүрген жоқ жұрт, бірінің туысы жерленіп жатса, енді бірі оқуларынан кешігіп пұшаймен хәлде жүр.
Хайдар Тұрай:
- Анау Талдықорғаннан кеп тұрмыз 15 күн болды кезекте тұрмыз. Таңертең келеміз, кешке күн бата қайтамыз. Таңертең ашады түсте жауып тастайды екен мұның. Бір аптада 3 күн ғана екен.Бүгін таңертең 5-те келгенбіз содан бері тұрмыз ғой. Кеше таңертең кезек алғанбыз оны жыртып тастапты.
Соның салдарынан бармақ басты көз қысты қарекет қылып, тамыр-таныс арқылы тірлігін тез тындыратын пысықайлар да шыққан. Пұлың болса кезекте күтпейсің, жұмысыңды тез жүктейсің.
Нұрлан Боламбаев:
- Міне бір жарым ай болды не қонар жерім жоқ, анада барып мында барып бәрін шаршаттық. Жүретін әрі-бері жолымызға ақшамыз жоқ жейтін ішетініміз жоқ тіптен балаға обал. Ана жерде өзіміздің қазақтарды алып алған өңкей жеп-ішерлер парақорлар соның ішінде бәрі.
Түске дейін табандарынан таусылған жұрттың кейбірі консулдыққа қақпадан қарғып кірмек болып тәртіп сақшыларына тұтылды, енді бірі түнімен түнеп күзетсе де кезегі келмей ұтылды. Ал тал түсте виза беру аяқталды деген ақпарды естіген жұрт қоян-қолтық ұрысқа кірісті.
Ал жұрт қақпа алдында қырылып жатқанымен, Қытайдың бас консулдығынан тірі жан шығып жөн айтпады. Тек еліміздің Сыртқы Істер министрлігі тілдей жауап қатты.
Нұржан Айтмаханов, ҚР СІМ баспасөз хатшысы:
- Қазақстан азаматтарының қиыншылықтарын алға тартып, Қытай тарапына келесідей ұсыныстар жасалды: Қазақстан азаматтарының қабылдау күндерін көбейту, ҚР азаматтарының қабылдау сағаттарын арттыру, соңғысы ҚР азаматтарының құжаттарын қабылдайтын қытайлық консулдық қызметкерлер санын арттыру.
Бүгін Қытай қақпасын табандарынан таусылып күзеткен жұрт түс ауа тарқай бастады. Алайда кешқұрым кезектерін күзетуге қайта келмек. Ал ұзын-сонар кезекке виза беру тәртібіндегі өзгерістер себеп болыпты. Бұдан былай төлқұжатқа мөр бастыру үшін әр адамның өзі кіруі керек екен. Ең қызығы, Қытайдағы Қазақстан елшілігі керісінше ісіне жауапты көрінеді. Қандастарымызды қазақтың жеріне қайтарғанша жанталасып визасы бар басқасы бар құжаттарын жедел түгендеп береді екен.