Алматыда қытайлық жүк көлігі қағып кеткен 14 жасар оқушы ажал құшты

Алған жарақатынан оқушы оқиға орнында жантәсілім еткен. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Алматы қ. ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек хабарлады.

Жол-көлік апаты бүгін таңғы сағат 08:50 шамасында Сәтбаев пен Луганский көшелерінің қиылысында болған. Луганский көшесімен оңтүстік бағытта келе жатқан «HOWO» маркалы ауыр жүк көлігінің 27 жастағы жүргізушісі Сәтбаев көшесіне бұрылып бара жатып, 2000 жылы туған мектеп оқушысын қағып кетеді. Қыз жүргіншілер өткелімен бағдаршамның жасыл шамы жанған соң жүре бастаған екен.

«Жол апаты салдарынан ауыр жарақат алған қыз оқиға орнында жантәсілім етті. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды. Алматы қалалық ІІД Тергеу басқармасы ҚР ҚК 296-шы бабының «Адам өлміне әкеп соққан жол-көлік апаты» атты 2-ші тармағына сәйкес, қылмыстық іс қозғады», - деді С.Әзірбек.